27 қарашада таңғы сағат 7 шамасында Қарағандыда жаңбыр қарға айналып, жолдарда көктайғақ пайда болды. Сағат 11:30-ға қарай қалада 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жолдағы жағдай ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қиындаған. Ведомствода нақтылағандай, барлық жағдайда зардап шеккендер жоқ, апаттар тек материалдық шығынға әкелді.

«Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша қалада 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Барлық жағдайда зардап шеккендер жоқ, апаттар тек материалдық шығынға әкелді», — деп атап өтті полицияда.

Ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерді жолда сақтық шараларын күшейтуге шақырды. Олардың қатарында: жол жабынының жай-күйін ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдау және айқасқа жақындағанда алдын ала жылдамдықты азайту; алда келе жатқан көлікке дейінгі қашықтықты сақтау, күрт тежелу мен маневрлерден аулақ болу, қауіпсіз бүйір аралықты ұстау; қозғалыс кезінде ұялы телефонға алаңдамау; жазғы шиналарды уақтылы қысқы шиналарға ауыстыру және жолға шығар алдында көліктің техникалық жай-күйін тексеру.

«Көктайғақ жолда автомобильдің тежеу жолы айтарлықтай ұзарады. Маусымға сай шиналарды пайдалану, жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтау жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды шарттары болып саналады», — деп ескертті облыс Полиция департаментінде.