Қарағандыда рестобардың ашылуына байланысты ұйымдастырылған мерекелік салют үшін ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ер адам 86 500 теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабының 2-бөлігі бойынша істі қарады.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 19 қыркүйекте рестобардың ашылуына арналған іс-шара барысында ер адам пиротехникалық бұйымдарды (салютті) ол үшін белгіленбеген жерде қолданып, оларды пайдаланудың белгіленген тәртібін бұзған. Бұл ретте материалдық залал келтірілмеген.
Бұзушының өзі түсіндіргендей, рестобар ашылған күні ол интернеттен мерекелік салют өткізу қызметін ұсынатын ұйымды тапқан. Осы ұйым өкілдерімен шарттарды келіскеннен кейін ол қызмет көрсетуге келісімшарт жасасқан. Алайда ұйымның пиротехникалық бұйымдарды қолдануға рұқсат құжаттарының бар-жоғы туралы оған белгісіз болған.
Ер адамның кінәсі оның өзін кінәлі деп тану көрсетпелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ сот отырысында зерттелген өзге де дәлелдемелермен толық расталады.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, оның жасалу мән-жайларын, кінәлінің жеке басын, материалдық залал келтірілгені туралы мәліметтердің жоқтығын, сондай-ақ жаңа құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу қажеттігін ескерді.
Сот қаулысымен ер адам 86 500 теңге айыппұлға тартылып, пиротехникалық бұйымдар тәркіленді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін полиция Қарағандыда мейрамхананың ашылуына арналған мерекелік салют ұйымдастырылғанын хабарлаған болатын. Видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Тәртіп сақшылары ұйымдастырушыны – қаланың 46 жастағы тұрғынын анықтады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, жиналған материалдар сотқа жіберілді.


