Қарағанды облысында Балқаш пен Приозерск арасындағы тас жолда ерекше жол оқиғасы болды: Kia көлігінің алдыңғы әйнегіне бөтелке ұшып тиді. Көліктің зақымдалуы мен тергеу барысы туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

NUR.KZ тілшісінің хабарлауынша, оқиға Астана — Алматы тас жолының бір учаскесінде болған. Оқиға 16 қазанда орын алды. @zhurabekova_lunara пайдаланушысы болған жайтты Threads желісінде баяндап, зақымдалған көліктің суреттерін жариялады. Оның айтуынша, қатар келе жатқан көліктен Pepsi бөтелкесі ғана емес, адамдарға қауіп төндіруі мүмкін металл зат та лақтырылған.

NUR.KZ тілшісі Қарағанды облысы полиция департаментінен пікір сұрады. Ведомствоның мәлімдеуінше, полицияға 24 жастағы ер адам жүгінген. Ол Балқаш пен Приозерск арасындағы жол учаскесінде өзінің Kia көлігінің алдыңғы әйнегі зақымдалғанын айтқан.

«Өтініш берушінің айтуынша, қозғалыс кезінде қатар бағытта келе жатқан Lada Priora көлігінің терезесінен бөтелке лақтырылып, ол оның көлігінің алдыңғы әйнегіне тиіп, зақымдаған. Осы факті бойынша полиция материал тіркеді. Жүргізілген шаралар барысында Lada Priora жүргізушісі анықталды — ол Балқаш тұрғыны, 34 жастағы ер адам», — делінген хабарламада.

Ер адам болған жайт туралы өз нұсқасын айтып, зат көлік дөңгелегінің астынан ұшып шығуы мүмкін деп болжады. Сонымен қатар ол терезеден қандай да бір зат лақтырғанын жоққа шығарады.

Болған жайт бойынша әкімшілік іс қозғалды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Жиналған материалдар қарау және тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.