Қазақстан шетелдіктер үшін елге кірудің міндетті электрондық рұқсатын енгізеді. Құжаттың алғашқы жобасында қызмет үшін «дифференциалды төлем» алу жоспарланған, алайда үкіметтің қорытынды қаулысында ақша алудан бас тарту шешілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ережеге сәйкес, электрондық рұқсатты ЕАЭО елдерінің азаматтары, визасыз режимдегі елдердің азаматтары, сондай-ақ арнайы тізімдер бойынша келетін шетелдіктер рәсімдеуге міндетті. Құжат 180 күнтізбелік күн мерзімге тегін беріледі.

«Қазақстан Республикасына кіруге электрондық рұқсатты рәсімдеу үшін төлем мөлшері нөл теңге», — делінген құжатта.

Өтінімді цифрлық платформа арқылы жоспарланған кіруге дейін кемінде 72 сағат бұрын беру қажет.

Жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі:

2026 жылғы 1 қарашадан бастап — Ақтау халықаралық әуежайы, «Үрлітөбе» (Павлодар облысы), «Аухатты» (Жамбыл облысы), «Атамекен» (Түркістан облысы) және «Нұрлы Жол» (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пункттері;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары;

2027 жылғы 1 наурыздан бастап — ҚР мемлекеттік шекарасының барлық қалған өткізу пункттері арқылы;

2027 жылғы 1 шілдеден бастап — рұқсат қатаң міндетті болады: оның болмауы Қазақстанға кіруден бас тартудың ресми негізіне айналады.

Кімдер рұқсат алудан босатылады

Құжатта электрондық рұқсат алуға міндетті емес 29 санаттағы адамдардың тізімі бекітілген. Олардың қатарында:

16 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарттар;

ҚР қолданыстағы визасы, ТҰРҚ (тұрақты тұруға рұқсаты) немесе уақытша тұруға рұқсаты (УТР) бар шетелдіктер;

мемлекет басшылары, дипломаттар, үкімет, парламент мүшелері және ресми делегациялар;

әуежайлардың стерильді аймағынан шықпайтын транзиттік жолаушылар;

ұшақ, теңіз кемелері, пойыз бригадаларының экипаж мүшелері және халықаралық жүк/автобус жүргізушілері;

ТЖ-ны жоюға, шұғыл медициналық көмек көрсетуге немесе гуманитарлық миссияларға қатысуға келген адамдар.

Рұқсат алудан босатылғандардың толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады.

Еске салайық, жобаны әзірлеуге ҚР ІІМ жауапты болды. Ведомство жүйе мигранттардың ел бойынша қозғалысын нақтырақ, жылдамырақ және ашық бақылауға көмектеседі деп сенеді.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның ІІМ ЖСН беру кезінде шетелдіктердің елде болуы мен тұруының заңдылығын тексеруді жоспарлап отырғанын жазған. Тиісті бұйрық жобасын ведомство «Ашық НҚА» порталында жариялады. Министрлік шетелдік адамдардың деректерін иммигранттардың эталондық дерекқорымен ЖСН алғаш берілгенде де, оны түзету кезінде де салыстыруды жоспарлап отыр.