Қазақстан Ішкі істер министрлігі электромобильдерге арналған жасыл мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін енгізу туралы бұйрықты бекітті. Тиісті құжат Құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесі сайтында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұйрық «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 1040 „Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы“ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталған.
Құжатқа сәйкес жеңіл электромобильдер, жүк электромобильдері және электр автобустар үшін алдыңғы және артқы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің жаңа түрлері қарастырылған. Жаңалық жеке тұлғаларға тиесілі көлік құралдарына да, заңды тұлғалардың меншігіндегі көліктерге де қолданылады.
Қарапайым электромобильдердің нөмірлері мемлекеттік ту бейнеленген ақ фонда болады, ал аймақ белгіленген өріс жасыл түспен ерекшеленеді. Цифрлар, әріптер мен KZ айырым белгісі қара түспен жазылады.
Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдердің нөмірлері көк фонда, жасыл аймақтық өріспен және ақ таңбалармен болады.
Электр мотоциклдер үшін де нөмірлердің жеке түрі қарастырылған.
Тағы бір нөмір түрі дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің, құрметті консулдардың қызметтік және жеке электромобильдеріне, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың автомобильдеріне арналған. Дипломатиялық нөмірлер қызыл фонда болады. Шетелдік азаматтарға тиесілі электромобильдердің басқа санаттары сары фонда болады. Аймақтық өріс жасыл түспен ерекшеленеді.
Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.


