Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Арман Исағалиев Таяу Шығысқа жұмыс сапары барысында Сауд Арабиясы, Кувейт және Бахрейн әріптестерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан мен Сауд Арабиясын сенімді қарым-қатынастың ұзақ тарихы байланыстырады. Корольдікке сапары аясында Арман Исағалиев Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Уәлид Әл-Хурейджимен әңгімелесті. Ол арқылы қазақстандық өкіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа жолдауын тапсырды. Жолдауда Қазақстан Президенті Таяу Шығыс елінің басшылығына ынтымақтастық білдірді. Онда Сауд Арабиясының аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігері атап өтілді. Бұл дипломатиялық қадамды Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі жоғары бағалады.
Кувейт астанасында қазақстандық дипломатиялық топ жергілікті сыртқы саяси ведомство әріптестерімен саяси консультациялардың кезекті раундын өткізді. Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі екі мемлекет арасындағы өзара тиімді қатынастарды дамыту перспективалары болды. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Кувейттің өзара тауар айналымының көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндіктері бар. Кездесу барысында қазақстандық өкілдер Қазақстанның Кувейтке ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік жеткізілімін одан әрі кеңейтуге дайын екенін атап өтті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның төртінші отырысы алдағы уақытқа жоспарланғанын айта кетейік.
Кувейт — еліміздің маңызды инвестициялық серіктесі. Саяси консультациялар аясында тараптар қазақстандық құрылымдардың жергілікті араб экономикалық даму қорымен өзара іс-қимылын күшейту мәселесін қозғады. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Kuwait Direct Investment Promotion Authority бас директоры шейх Мишааль Ас-Сабахпен, сондай-ақ кувейттік ірі кәсіпкерлердің қатарына кіретін шейха Ухуд Ас-Сабахпен кездесуін айрықша атап өткен жөн. Арман Исағалиев кувейттік тарапқа Қазақстанның Кувейттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге одан әрі зор үлес қоса алатын мүмкіндіктерін таныстырды. Жергілікті инвесторлар мен кәсіпкерлер қазақстандық агроөнеркәсіп кешеніне, атап айтқанда, елімізде өндірілетін ет өнімдеріне елеулі қызығушылық танытуда.
Отандық дипломаттар аймақтың тағы бір елі — Бахрейнде де саяси консультациялар раундын өткізді. Кездесу бағдарламасы өзара тиімді серіктестікті күшейтуге қатысты кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Қазақстан мен Бахрейн сауда-экономикалық және инвестициялық салалармен қатар өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттарда байланысты нығайтуға дайын. Қазақстан мен Бахрейн арасындағы саяси консультациялардың келесі раунды Астанада өтетінін қосамыз. Екі тарап ірі халықаралық ұйымдардың қызметі аясында ынтымақтастықты нығайтуға да мүдделі.


