Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хусит содырларының Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған, адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі хусит содырларының Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған, адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптайды. Мұндай шабуылдар гуманитарлық тұрғыдан жол берілмейді және халықаралық құқық нормаларын бұзады. Бұл әрекеттер Йемендегі жағдайды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси реттеуге кедергі жасайды», — делінген сыртқы саяси ведомствоның хабарламасында.
Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдармен шешуге шақырды.
«Қазақстан Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастығын білдіреді және БҰҰ Жарғысына сәйкес оның егемендігі мен қауіпсіздігін қорғау құқығын растайды», — деп қосты СІМ.
Еске салайық, бүгін Эр-Риядтағы король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл салдарынан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алғаны хабарланған. Оқиғаға нысанға зымыран атқан йемендік хуситтер жауапты деп есептеледі.
Бұған дейін хабарланғандай, қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясының төрт азаматы, Бангладештің екі азаматы, АҚШ-тың бір азаматы, бір мысырлық, бір иорданиялық, бір сириялық, бір палестиналық және бір судандық бар. Жарақат алғандардың кейбіреуінің жағдайы ауыр.
СІМ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ екенін мәлімдеді.


