Сауд Арабиясында жүрген қазақстандықтарға аса қажеттілік болмаса әуежайларға бармауға және шұғыл емес сапарларды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға кеңес берілді. Бұл ескертуді Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елдегі азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға байланысты таратты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство азаматтарды сақтық шараларын күшейтуге, жергілікті биліктің нұсқауларын орындауға, адам көп жиналатын орындар мен қауіпті нысандардан аулақ болуға шақырды.

Әуежайға аттанар алдында рейстің мәртебесін әуекомпаниядан нақтылау қажет.

Төтенше жағдай туындаса, қазақстандықтарға Эр-Риядтағы Қазақстан елшілігіне немесе Жиддадағы бас консулдыққа жүгінуге кеңес беріледі. Шұғыл байланыс үшін консулдардың телефондары көрсетілген:

Эр-Риядта — +966 55 663 01 77;

Жиддада — +966 53 275 80 80.

СІМ сондай-ақ ведомствоның ресми ресурстары мен жергілікті құзырлы органдардың хабарламаларын қадағалауды сұрайды.

Бұған дейін «Курсив» СІМ-нің алдын ала деректері бойынша Сауд Арабиясына жасалған шабуылдар салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін жазған. Ведомство йемендік хуситтердің елдің азаматтық инфрақұрылымына жасаған, адам шығынына әкелген шабуылдарын айыптап, олардың халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін атап өтті.