Алдағы үш тәулікте — 12-14 қараша аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады, ал кейбір өңірлерде термометр бағаны -16 градусқа дейін төмендейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Синоптиктердің болжамынша, бұл күндері жаңбыр мен қар жауады, ал елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) және көктайғақ құбылыстары болады.

Сонымен қатар жекелеген күндері республиканың батысында, солтүстігінде және орталығында, ал 13 қарашадан бастап оңтүстігінде де жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Ел аумағында жел күшейеді, шығыста — төменгі боранымен, түнде және таңертең тұман болады.

Алдағы күндері Қазақстан өңірлеріндегі температуралық фон былайша қалыптасады: елдің батысында жылыну күтіледі — түнде +2…+9 жылы, күндіз +8…+17 жылы; солтүстікте — түнде -2…-10 аязға дейін төмендейді, күндіз -2 аяздан +5 жылыға дейін; орталықта және шығыста — түнде -5…-15 аязға дейін төмендейді, күндіз -3 аяздан +5 жылыға дейін; оңтүстікте түнде -1…-8 аязға дейін төмендейді, күндіз +5…+12 жылыға дейін көтеріледі; оңтүстік-шығыста түнде -3…-8 градусқа дейін төмендейді, таулы аудандарда — -11…-16 аяз, күндіз +2…+10 жылыға дейін көтеріледі, таулы аудандарда — -1…-6 аяз.