Соңғы үш жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық саны 40%-ға азайып, мұндай қылмыстардың ашылу деңгейі шамамен 30%-ға өсті. Киберқылмыскерлерден зардап шеккендерге 5,9 млрд теңге өтелді, ал Ұлттық банктің Антифрод-орталығының жұмысының арқасында тағы 117 млрд теңгеден астам қаражаттың шығарылуына жол берілмеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкіметтің баспасөз қызметі атап өткендей, алаяқтыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Дербес деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілді. Медициналық, банктік және өзге де маңызды деректер қорына қол жеткізу үшін міндетті биометрия енгізілді. Ұйымдар азаматтарды деректердің таралуы туралы хабардар етуге міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиенаға оқыту нормалары енгізіліп, аса маңызды нысандарды қорғауды бақылау ҰҚК-ге берілді», — делінген үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Азаматтардың өздері де алаяқтардың жолын белсенді түрде жауып келеді: eGov Mobile-дағы кредиттерден өз еркімен бас тартуға арналған «Стопкредит» сервисін қазақстандықтар 6,3 млн реттен астам пайдаланды.
Сонымен қатар ел тұрғындары қорғанудың басқа да құралдарына жүгіне алады. eGov-тегі қол жеткізуді бақылау сервисі деректерді өңдеуге берілген келісімдерді тексеруге және кері қайтарып алуға мүмкіндік береді. NomadGuard деректердің таралуы мен фишингті анықтауға көмектеседі. Бұдан бөлек, eGov мен CitizenSec платформасында киберсауаттылық курстары қолжетімді.
Бұған дейін Астанада маркетплейстермен жұмыс істеуді үйретуді желеу етіп алаяқтық жасағаны үшін әйел алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қала прокуратурасының мәліметінше, бес жәбірленуші жалпы алғанда 15,6 млн теңгеден айырылған.


