Қазақстанның жастар футбол құрамасы (U-17) Еуропа чемпионатының 2027 жылғы іріктеуінің бірінші кезеңінде Австрия командасын ойсырата жеңді. Грузияда өткен матч 7:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Есепті 19-минутта Роман Черноморец ашты. Екі минуттан кейін қазақстандық команданың басымдығын еселей түскен Ануар Төленді 24-минутта дубль жасады. Үзіліске дейін австриялықтар қақпасына төртінші допты испандық «Вильярреал» академиясында ойнайтын Салим Хасанов енгізді.

Екінші таймда 60-минутта Ислам Рашидов көзге түсті, ал үш минуттан кейін Роман Черноморец өзінің екінші голын соқты. Түпкілікті есепті 78-минутта Ибрахим Асан белгіледі.

Осы жеңістің арқасында Қазақстан құрамасы Еуро-2027 іріктеуінің екінші кезеңіне мерзімінен бұрын шығуды қамтамасыз етті.

Топтық кезеңнің қорытынды матчында қазақстандық футболшылар турнир қожайындары — Грузия құрамасымен кездеседі. Ойын 17 қарашада сағат 17:00-де өтеді. Топта бірінші орын алу үшін Қазақстанға тең ойын жеткілікті.

28 құрама Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдаманы сарапқа салатын іріктеудің екінші кезеңінің жеребесі желтоқсанда тартылады.

Еске салайық, 2026 жылдың наурызында Қазақстанның жастар құрамасы тарихта алғаш рет Еуро U-17 іріктеуінің шешуші кезеңіне қатысып, алдыңғы кезеңде Хорватия мен Нидерландыны басып озған болатын.