Қазақстан сөрелеріндегі биологиялық белсенді қоспалардың он бес пайызы заңбұзушылықпен сатылып жатыр — мемлекеттік бақылау деректері осыны көрсетеді. Биылғы тоғыз айда мамандар БАД-тың 365 сынамасын зерттеп, оның 55-і, яғни 15,1%-ы белгіленген талаптарға сай болмаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Санэпидемиологиялық бақылау комитетінің нақтылауынша, ескертулердің басым бөлігі өнімді рәсімдеуге қатысты. «Анықталған сәйкессіздіктердің 92,7%-ы өнім таңбалауына байланысты. Тағы 7,2%-ы микробиологиялық көрсеткіштерге тиесілі», — делінген ведомство хабарламасында.
Тексеру қорытындысы бойынша КСЭК 55 жедел ден қою шарасын қолдану туралы қаулы қабылдады. Талаптарға сай келмейтін 9 кг өнім сатылымнан алынып, кері қайтарылды.
Санврачтар қазақстандықтарға БАД дәрі емес екенін, оны ауруды өз бетінше емдеуге немесе дәрігер тағайындаған емді алмастыруға пайдалануға болмайтынын еске салады.
Биологиялық белсенді қоспаларды сатып аларда КСЭК мемлекеттік тіркеудің және тиісті құжаттардың бар-жоғын тексеруді ұсынады. Құрамын, жарамдылық мерзімін және өнім таңбалауын мұқият зерделеу қажет. Мұндай өнімді санврачтар тек сенімді сатушылардан алуға кеңес береді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін БАД ішпеуге шақырған. Ведомство биологиялық белсенді қоспалар дәрі емес және тұмауға қарсы вакцинацияны алмастыра алмайтынын атап өтті.


