Жыл басынан бері Қазақстанда заңсыз айналымнан 2 200-ден астам түрлі қару тәркіленді. Оның ішінде 190 криминалдық қару бар, ал 162-сі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, полицейлер 20-22 қараша аралығында өткен үш күндік «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын да шығарды. Осы күндері 188 атыс қаруы тәркіленді: 17 сайлы қару, 125 тегіс ұңғылы қару және 46 басқа да қару, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната.

«Мысалы, 20 қарашада Түркістан облысында полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданының тұрғынынан сайлы винтовка, тегіс ұңғылы мылтықтың кесілген бөлігі, пневматикалық винтовка, сигналдық тапанша және әртүрлі калибрлі 28 патрон тауып, тәркіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.