Қазақстандықтар жеке пайдалануға көлікті екі шарт орындалған жағдайда ғана әкеле алады: ол 5-ші экологиялық сыныпқа немесе одан жоғары сыныпқа сай болуы керек, әрі шығарылған күнінен бастап бес жылдан аспауы тиіс. Бұл талаптарды Көлік министрлігі бекітті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

№ 293 бұйрыққа 2026 жылғы 28 қазанда Көлік министрінің міндетін атқарушы М. Қалиакпаров қол қойды. Келесі күні құжат Әділет министрлігінде № 40257 нөмірімен тіркелді. Ол 2015 жылы бекітілген автокөлік құралдарының рұқсат етілген параметрлеріне өзгерістер енгізеді.

Азаматтарға қойылатын шарттар жаңа 19-1 тармақта жазылған. Жеке тұлға өзі үшін әкелген көлік екі талап та орындалған жағдайда ғана ел жолдарында жүруге жіберіледі.

«Қазақстан Республикасының аумағында жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін әкелген автокөлік құралдарын айналымға шығаруға Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 74 шешімімен бекітілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто- және мотоқөлік құралдарының және оларға тіркемелердің жекелеген түрлерінің тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарында жүруі үшін мына талаптар сақталған кезде жол беріледі: 1) автокөлік құралының 5-ші экологиялық сыныпқа немесе одан жоғары экологиялық сыныпқа сәйкестігі; 2) көлік құралы шығарылған күннен бастап есептелетін мерзім бес жылдан аспауы», — делінген бұйрықта.

Бұйрық сілтеме жасайтын тізбеде жеңіл көліктерден бөлек мотоциклдер, мопедтер мен мотороллерлер, жүргізушімен қоса 12 адамнан аспайтын жолаушы таситын көлік, толық массасы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері бар. Онда квадроциклдер мен қарда жүретін көліктер, массасы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемелер және автобаспана-тіркемелер де көрсетілген.

Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге 19-1 тармағы қолданылмайды. Оларға бұрынғы нормативтер кестесі арналған, онда 4 және 5-ші экологиялық сыныптар шығарылған елі мен шығарылған жылына байланыстырылған, ал шекті жасы жоқ. 19-тармақтың жаңа редакциясында бұл импорттаушылар тікелей аталған.

«Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар айналымға шығаратын автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларының рұқсат етілген нормативтері мына мәндерге сәйкес болуы тиіс», — деп көрсетілген құжатта.

Жеке тұлғалар үшін бес жылдық шектеу ішінара қазірдің өзінде қолданыста. 26 қыркүйектен бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің № 474 бұйрығы күшіне енді, оған сәйкес электрондық паспорт тек бес жылдан аспаған көліктерге ресімделеді, ал меншік иесінің деректері декларанттың деректерімен сәйкесуі керек. Бір жеке тұлға жылына бір автомобильге ғана осындай паспорт ала алады.

Көлік министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы кездесуде талаптар Қазақстанда алғаш рет әкелініп, тіркелетін автомобильдерге қатысты болатынын түсіндірді. Елде тіркелген көліктерге олар қолданылмайды. Ведомство шараның мақсатын ескі автомобильдер әкелуді қысқарту және автопаркті біртіндеп жаңарту деп түсіндірді.

№ 293 бұйрық 30 қазанда жарияланды және ол жарияланғаннан кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, 2026 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енеді. Өзіне көлік әкелмекшілер оның шығарылған күні мен экологиялық сыныбын жаңа шарттармен алдын ала салыстырып алғаны жөн.