2026 жылғы Премьер-Лиганың 23-турында «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы матчта жағымсыз мазмұндағы плакатқа байланысты жанжал шықты. Осы матчтың қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясы тәртіптік шешім қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ҚФФ баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қазанда Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитетінің отырысы өтіп, онда тиісті шешімдер қабылданды.

Матчты дұрыс ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік ережелері мен Чемпионат регламентінің талаптарын сақтамағаны үшін «Ақтөбе» ФК-ға 300 АЕК (1 297 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Клуб оны 20 қарашаны қоса алғанда төлеуге міндетті. Клуб матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені атап өтілді. Сонымен қатар Федерацияда «Ақтөбе» ФК директоры Бақытбек Дүзелбаев төрешілердің киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргені мәлімделді.

Команда жанкүйерлерінің ресми тұлғаларға қарата әдепсіз сөздер айтып, қарсылас командаға қорлайтын сөздер қолданғаны үшін «Ақтөбе» ФК-ға 200 АЕК (865 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Оны да 20 қарашаға дейін төлеу қажет.

Беделіне нұқсан келтіретін мәлімдемелері үшін «Ақтөбе» ФК бас бапкері Игорь Черевченко да айыппұл төлейді — ол 20 қарашаға дейін 50 АЕК (216 250 теңге) төлеуге міндетті.

«Ордабасы» ФК-ға да айыппұл салынды, бірақ бұл команда киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығып, матчты үш минутқа кешіктіргені үшін. Клуб басшылығы 20 қарашаға дейін 60 АЕК (259 500 теңге) төлеуге міндетті.

«Қауіпсіздік талаптарын, жарыс регламентін және кәсіби этика нормаларын сақтау — футбол матчтарын өткізудің міндетті шарты. Клубтар матчтарды дұрыс ұйымдастыруға, өз өкілдері мен жанкүйерлерінің мінез-құлқына, сондай-ақ жарысқа қатысушылардың барлығының белгіленген ережелерді сақтауына жауапты. Федерация стадиондардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, футбол процесіне қатысушылар арасындағы құрметті қарым-қатынасты және матчтарды белгіленген талаптарға сай өткізуге жағдай жасауды дәйекті түрде қолдайды», — делінген Федерация мәлімдемесінде.

Еске салайық, Ақтөбенің орталық стадионында өткен «Ордабасы» мен «Ақтөбе» арасындағы матч қонақтардың пайдасына 3:1 есебімен аяқталды. Осы ойында кәмелетке толмаған жанкүйер қыздар жағымсыз мазмұндағы плакат ұстаған. Полиция оларды тапты. Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ата-аналар бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кейін «Ақтөбе» футбол клубы полицияның кәмелетке толмаған жанкүйер қыздардың ата-аналары «Ордабасымен» матчтағы жанжалды плакатқа байланысты жауапкершілікке тартылғаны туралы хабарламасынан кейін екі мәлімдеме жасады.