Абсолюттік жекпе-жек чемпионатының (UFC) жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы Хабиб Нұрмагомедов блогер әрі боксшы Джейк Полдың аралас жекпе-жекке (ММА) 200 миллион долларға қайту туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Спортшылардың әңгімесінен үзіндіні Championship Rounds профилі X әлеуметтік желісінде жариялады. Джейк Пол: «Қашан қайтасың? 200 миллион долларға ше?» — деп сұрады.

Нұрмагомедов ақша оны қызықтырмайтынын айтты. «Маған неге қайту керек? Дәлелдейтін ештеңем жоқ. Қарсылас жоқ, тек ақша бар. Ал ақша мен үшін мотивация емес», — деді Хабиб.

Еске салайық, Хабиб Нұрмагомедов 2020 жылдың қазанында UFC 254 турнирінде Джастин Гэтжиді жеңгеннен кейін мансабын аяқтағанын жариялаған еді. Бұл оның отбасындағы қайғылы оқиға — әкесі Абдулманап Нұрмагомедовтің қайтыс болуы аясында болды.

2021 жылдың наурызында Хабибтің жекпе-жек мансабы ресми түрде аяқталды — бұл туралы Дана Уайт мәлімдеді, сондай-ақ файтер UFC-дің барлық өзекті рейтингтерінен алынып тасталды. Алайда кейін ол ММА-дағы мансабын жаттықтырушы ретінде жалғастырды. Оның жетекшілігімен UFC-де де, осы ұйымнан тыс та файтерлер дайындалуда, мысалы, Усман Нұрмагомедов Кәсіби жекпе-жек лигасының (PFL) чемпионы — оның UFC-ге ауысуы күтілуде.

Бір жыл бұрын Хабиб ММА-дан қашан толық кететінін айтқан — оның сөзінше, бұл өзінің үш шәкірті: Ислам Махачев, Умар және Усман Нұрмагомедовтер мансабын аяқтағаннан кейін болады.