Қазақстандық шпагашы Кирилл Проходов 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында шпагамен семсерлесуден жеке сында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шешуші сайыста Проходов Гонконг өкілі Вонг Пак Ю-мен кездесті. Қазақстандық шпагашы 15:12 есебімен жеңіске жетіп, пьедесталдың ең биік сатысына көтерілді.
Титулға жету жолында Проходов топтық кезеңдегі алты сайыстың бесеуінде жеңіске жетіп, кейін плей-офф кезеңдерінің барлығынан сүрінбей өтті.
1/16 финалда ол Макао өкілі Сунг Ка Вингті 15:8 есебімен ұтты. Қазақстандық үшін ең тартысты сайыс келесісі болды: Қырғызстан өкілі Даниил Лепиховты бір ұштық басымдықпен — 15:14 есебімен жеңді.
Ширек финалда Проходов қазақстандық қарсыласы Георгий Тинниковтен 15:9 есебімен басым түсті, ал жартылай финалда тағы бір қырғызстандық Барсбек Райымбековтен 15:10 есебімен айласын асырды.
Бұған дейін Проходов Мароккода өткен Әлем кубогінің ересектер кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасының сапында жеңімпаз атанған болатын. Енді ол командалық табысына U23 Азия чемпионы деген жеке титулын қосты.


