Зейнетақы жинағын шешуге және пәтерді нарықтық бағадан төмен бағамен алуға көмектесу туралы уәделер Көкшетау тұрғындарына миллиондаған теңге шығын әкелді. Ақмола облысында алаяқтық туралы қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, іске қатысушы — 28 жастағы әйел. Алдын ала деректерге сәйкес, оның әрекетінен төрт адам зардап шеккен.
Зардап шеккендердің бірі — Көкшетаудың 35 жастағы тұрғыны. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың ақпанынан тамызына дейін танысы оған зейнетақы жинағын шешуге және жылжымайтын мүлік алуға көмектесуге ұсыныс жасаған.
Уәдеге сенген әйел оған 3 млн теңге берген. Алайда кейін уәде етілген қызметтер көрсетілмегені, ал ақшасы қайтарылмағаны белгілі болды.
Зардап шеккен адамның өтініші бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталды — ол Көкшетаудың 28 жастағы тұрғыны болып шықты.
Сотқа дейінгі тергеу аясында дәл осылай тағы үш қала тұрғыны зардап шеккені анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 9,1 млн теңгеден асты.


