Қазақстанда көлік сату сатушыға қосымша шығын әкелуі мүмкін — егер ол мәміледен пайда көрсе. Салық заңгері Екатерина Ким жеке табыс салығын (ЖТС) қандай жағдайда төлеу қажеттігі туындайтынын және оның сомасын қалай дұрыс есептеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маманның айтуынша, сатушыда салық салынатын табыс екі шарт бірге орындалғанда пайда болады: көлік сатып алынған бағадан қымбатқа сатылса және тіркелгеніне бір жылдан аспаса. Шетелде тіркелген көліктер үшін салық міндеттемесі иелену мерзіміне қарамастан туындауы мүмкін.

Салық тек сатып алу бағасы мен сату бағасының айырмасына салынады. 2026 жылдан бастап 8 500 АЕК (36,7 млн теңге) дейінгі табысқа ЖТС мөлшерлемесі 10% құрайды. Осы шектен асатын сомаға 15% алынады.

Көлікті жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге және тюнингке жұмсалған шығындар салық салынатын табысты азайтпайтынын ескеру қажет. Азамат көлікті шетелден өзі әкелген болса, көзделген жағдайларда сатып алу құнына төленген ҚҚС, акциз, кедендік және кәдеге жарату төлемдерін қосуға болады. Көлікті кредитке алған кезде оның пайыздары да есепке алынмайды.

Сатып алу құнын сатып алу-сату шарты, шот-анықтама, банк үзіндісі және кредиттік шарт растайды. Көлікті басқа елдерден әкелгенде міндетті төлемдерді растайтын құжаттарды сақтау маңызды. Сыйға тартылған көлік сатылса, мәміленің бүкіл сомасына салық салынады, ал мұраға қалған көлік үшін бағалаушы растаған нарықтық құн қажет болуы мүмкін.

Салық салынатын табыс туындаған жағдайда сатушы келесі жылдың 15 қыркүйегіне дейін 270.00 нысаны бойынша декларацияны өзі тапсырып, 25 қыркүйекке дейін ЖТС төлеуге міндетті. Мысалы, 2026 жылы көлік сатылса, 2027 жылдың қыркүйегінде есеп беру керек. Декларацияны қолжетімді сервистер арқылы электронды түрде тапсыруға болады.

Декларацияны бірінші рет кешіктіргені үшін ескерту жасалады, қайталағаны үшін айыппұл салынады. Салықты төлеуді кешіктіргенде өсімпұл есептеледі, ал берешек мәжбүрлеп өндірілуі мүмкін.

Бұған дейін Курсив Авто Қазақстандағы ескі Toyota мен Lexus иелері неге көлік салығын азырақ төлейтінін жазған болатын.