Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола қызбасының өршуі жаңа аумаққа — Орталық Африка Республикасымен шектесетін Солтүстік Убанги провинциясына таралды. Бұл провинцияда екі жұқтыру жағдайы расталғанын билік хабарлады, деп жазады Reuters, хабарлайды infohub.kz сайты.

Індеттің ошағы әлі де Итури провинциясы болып қала береді, алайда соңғы уақытта Солтүстік Кивуде де науқастар саны артып келеді. Расталған жұқтыру жағдайлары Оңтүстік Киву, Чопо, Жоғарғы Уэле, Төменгі Уэле және Оңтүстік Убангиде де тіркелген.

Солтүстік Убангидің денсаулық сақтау саласындағы өкілі агенттікке Бас-Уэлемен шекара маңындағы пайдалы қазбалар өндірілетін ауданда күдікті өлімдер тіркелгенін, осыған байланысты зертханалық талдауға сынамалар алынғанын айтты.

Қазіргі таңда елдегі науқастардың жалпы саны 9000-нан асты, оның 4000-нан астамы көз жұмды.

Бұған дейін Кенияда Эбола қызбасымен ауырған екінші жағдай ресми түрде расталғаны белгілі болды. Инфекция өткен аптада Найробиде қайтыс болған тұрғынмен байланыста болған 39 жастағы ер адамнан анықталды.

Еске салайық, елге әкелінген алғашқы жағдай Конгода жұқтырған кениялық Найробиге ұшып келген соң, туысы оны ауруханаға жеткізгеннен кейін анықталған болатын.

Қазіргі уақытта Кенияда 108 байланыста болған адам карантинде жатыр. Ал тағы 15 азаматтың қайда жүргені белгісіз.