Грекия билігінің мәліметінше, апта соңында Солтүстік Африкадан шағын қайықтармен Грекияның ең үлкен аралы Критке 2 мыңға жуық мигрант жетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Көші-қон және баспана министрі Танос Плевристің жексенбідегі сөзінше, жұма күнінен бері жалғасқан мигранттар ағыны Грекия үшін жылдың ең қиын сынағы болды.
Қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, Крит пен Грекияның ең оңтүстіктегі аралы Гаудос маңындағы қайықтардан 1 мыңнан астам адам құтқарылды. Сенбіде Гаудос жағалауынан екі мигранттың денесі табылды.
Крит — Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадан Еуропаға ұмтылған мигранттар үшін маңызды өткел. Апта соңында жергілікті нысандардың мүмкіндігі таусылған соң, жүздеген мигрант арал астанасы Ираклиондағы спорт залына орналастырылды.
«Олар — адамдар, ал адамдар қайда жүрсе де, қандай жағдайда да өз құқықтарын сақтайды. Біз осы іргелі қағидатты ұстануға толық берілгенбіз», — деді Ираклион мэрі Алексис Калокайринос.
Әлеуметтік саясат жөніндегі облыс әкімінің орынбасары Стелиос Воргиастың айтуынша, ахуал бақылаудан шығып кеткен. «Дәл қазір Ираклион портында 2 мыңға жуық мигрант суыққа және жауын-шашынға қорғансыз күйде қамалып отыр», — деді ол.
Воргиас Криттің «адамгершілік сезімімен әрекет етіп», әйелдер мен жас балалар да бар 2 мың адамның түнде жауын мен суыққа шалдықпауы үшін «уақытша шешім» ұсынып жатқанын қосты.


