«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына байланысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жаңа мәлімдеме жасады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Telegram-арнасында сотқа дейінгі тергеу аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасының ұсталғаны туралы ресми хабарламаны назарға алғандарын жеткізді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынып отыр», — делінген компания хабарламасында.

Компания бұл мәселе бойынша жария түрде айтылғаннан басқа ақпаратқа қолдары жоқ екенін қосты. Бұған дейін ҚТЖ баспасөз қызметі кәсіпорынның қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлаған. Компанияның жолаушылар мен клиенттер алдындағы барлық міндеттемелері толық көлемде орындалуда.

Еске салайық, 12 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлаған болатын.

Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары лауазымды тұлғалардың ұсталуына пікір білдіріп, бұл елдегі ауқымды жемқорлық туралы елеулі белгі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысын да өткізіп, онда ҚТЖ қызметін сынға алды.