Перу астанасы Лимадағы Хорхе Чавес атындағы әуежайда LATAM Airlines Peru әуекомпаниясының Airbus A320 жолаушы ұшағының қанаты ұшу алдында тұтанды. Лайнер Лимадан Пьюраға рейс жасауы тиіс еді, алайда өрт ұшақ әуеге көтерілмес бұрын шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
РБК агенттігінің жергілікті Andina мемлекеттік басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, өрт ұшақтың қанаты тұсында тұтанған. Желіде тараған кадрларда сол кезде жерде тұрған ұшақтың сол жақ қанатын жалын шарпығаны көрінеді.
Оқиғадан кейін әуекомпания қауіпсіздік хаттамаларын іске қосқанын және сақтық шарасы ретінде жолаушыларды ұшақтан түсіруге шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Explora WebZine дерегінше, өрт ұшу алдында сол жақ қозғалтқыш тұсында шыққан. Жолаушылар түсірген жазбаларда ұшақтан шыққан жалын мен түтін көрінеді, сол сәтте адамдар әлі де ұшақ ішінде болған. Экипаж қауіпсіздік хаттамаларын іске қосты, барлық жолаушы зардап шекпей эвакуацияланды.
LATAM болған жағдайды «күтпеген техникалық оқиға» деп сипаттады. Оқиғаның себептері тергеу барысында анықталады.


