Verve Records лейблы джаз музыканты Луи Армстронгтің «One Night in Highland Park» атты концерттік альбомын шығарды. Альбомға 1957 жылғы концерттің бұрын жарияланбаған жазбасы енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Релиз 1957 жылғы 19 наурыздағы оқиғаға арналған. Сол күні Армстронг His All Stars ансамблімен бірге Чикагодан 27 миль солтүстікте орналасқан Хайленд-Парк орта мектебінің акт залында 1200 көрерменнің алдында өнер көрсеткен.

Бұл қойылым әртісгің тығыз гастрольдік кестесіндегі қатардағы бір кезең болып қалуы мүмкін еді. Алайда оны музыканттың келуі кезінде сахна режиссерінің көмекшісі қызметін атқарған оқушы Джоэл Голдстайн сақтап қалды. Ол сахна үстіне екі Telefunken микрофонын іліп, концертті Ampex катушкалы магнитофонына жазды да, таспаны шамамен жеті онжылдық бойы сақтады.

Альбомда Армстронг өзі сүйікті құрамы санаған His All Stars ансамблімен бірге жазылған: тромбоншы Трамми Янг, кларнетші Эдмонд Холл, пианист Билли Кайл, контрабасшы Сквайр Герш және барабаншы Барретт Димс. 12 композициядан тұратын трек-параққа жаңаорлеандық джаз, балладалар және сол кезеңнің танымал хиттері енді, оның ішінде «Mack the Knife», «Blueberry Hill», «Tiger Rag» және «When the Saints Go Marching In» бар.

Түпнұсқа таспаны цифрландыру, дыбысты біріктіру және мастеринг жасауды Кевин Ривз орындады. Ілеспе мәтінді Армстронгтің өмірбаяншысы әрі Луи Армстронг үй-мұражайының зерттеу коллекциялары директоры Рикки Риккарди жазды.