Копенгаген университетінің ғалымдары әнші Мадоннаның соңғы қырық жылдағы сұхбаттарын талдап, оның дауысы уақыт өте келе төмендемегенін анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Phys.org жазуынша, зерттеушілер әншінің дауыс биіктігі мен дауысты дыбыстарды айту ерекшелігі үнемі өзгеріп отырғанын анықтады. Сондықтан оның нақты жасын тек сөйлеу мәнеріне қарап анықтау мүмкін емес.

Әдетте менопауза кезеңінде әйел дауысы төмендейді — бұл эстроген деңгейінің төмендеуімен және дауыс байламдарының өзгеруімен байланысты. Мадоннаның дауысы 2013 жылы, ол 55 жаста болғанда, уақытша төмендегені тіркелген. Алайда көп ұзамай дауысы қайтадан биіктей бастаған.

Зерттеу авторлары әншінің жас және тартымды бейнеде қалу үшін вокалдық қабілеті мен тембрін саналы түрде басқарғанын болжайды. Атап айтқанда, ол тыңдаушыларға жастық пен тартымдылықты білдіретін алдыңғы дауысты дыбыстарды белсенді қолданған.

Сонымен қатар ғалымдар әншінің акцентіне қарап оның географиялық шығу тегін анықтай алмады. Мадонна Мичиган штатында өсіп, Нью-Йоркте ұзақ тұрған. Алайда оның айтылу мәнері бұл аймақтарға тән ерекшеліктерді көрсетпейді.

Зерттеушілер мұндай сөйлеу мәнері әншіге нақты жас пен орынға байланбаған жаһандық әртіс бейнесін қалыптастыруға көмектескен деген қорытындыға келді.