Америкалық The Beach Boys рок-тобының негізін қалаушылардың бірі әрі вокалисі Майк Лав 86 жасында өмірден өтті. Музыкант 28 қарашада отбасының ортасында қайтыс болды, өлім себебі әзірге белгісіз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әртіс қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның өкілі растады. Лавтың өмірден өткені жөніндегі мәлімдемеде оның америкалық мәдениеттегі рөлі атап өтілді: «Америкалық мәдениеттің символы ретінде ол өзінің бірегей талантымен және бірнеше буын музыкантқа сыйлаған шабытымен жадымызда қалады. Біз оның америкалық музыкаға қосқан ерекше үлесін және сүйікті жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткенде сезінген қуанышын құрметтейміз».
Лавтың соңғы концерті 10 қазанда Теннесси штатында өтті. The Beach Boys тобын ол 1961 жылы Калифорнияда немере ағалары Брайан, Карл және Деннис Уилсондармен, сондай-ақ балалық шақтағы досы Эл Джардинмен бірге құрды.
Майк Лавтың дауысы топтың көптеген классикалық хиттерінде естіледі, ол сол әндердің авторы да болды. Олардың қатарында «California Girls», «Good Vibrations», «I Get Around» және басқалары бар. Топтың веб-сайтының дерегінше, музыканттар мансабында әлем бойынша 100 млн-нан астам пластинка сатқан.


