Қазақстан аумағына маймыл шешегінің әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ведомство мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейткенін де хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Министрлік баспасөз қызметінің дерегінше, ведомство әлемдегі жұқпалы аурулар бойынша, оның ішінде маймыл шешегі бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отыр. «Әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуіне және халықаралық көлік байланыстарының белсенділігіне байланысты инфекцияның Қазақстан аумағына әкеліну ықтималдығы жоққа шығарылмайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескергенде, маймыл шешегінің ел халқы арасында кең таралу қаупі төмен деп бағаланады», — деді министрлікте.
Инфекцияның әкелінуі мен таралуын болдырмау үшін Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес санитарлық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар кешені жүргізілуде.
Қабылданған шаралардың қатарында мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту; ауру жағдайлары тіркелген елдердегі және сол мемлекеттерден келетін азаматтар арасындағы эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізу; барлық өткізу пункттері мен санитарлық-карантиндік бекеттерді дене қызуын байланыссыз өлшейтін құралдармен жарақтандыру; медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығын қамтамасыз ету; аса қауіпті инфекцияларға күдік туындағанда бекітілген хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдерінің қолданылуы бар.
«Эпидемиологиялық тұрғыдан ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізімі әлемдегі жағдайдың дамуына қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Барлық көлік түрлерінде жүргізілген санитарлық-карантиндік бақылау нәтижесінде науқастар мен аса қауіпті инфекцияларға күдікті адамдар анықталған жоқ», — деп қосты Денсаулық сақтау министрлігінде.
Министрліктің дерегінше, маймыл шешегі — MPXV вирусынан туындайтын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз дене қатынасы кезінде, оның ішінде тері бөртпелерімен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын және басқа да заттар арқылы, сондай-ақ жұқтырған жануарлармен жанасу кезінде жұғуы мүмкін. Тән белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпесі жатады.
Дәрігерлер түсініксіз тері бөртпелері мен жұқпалы аурудың басқа белгілері бар адамдармен тығыз дене қатынасынан аулақ болуды; жеке гигиена ережелерін сақтауды; инфекцияға күдікті адамдардың жеке тұтыну заттарын, киімін және төсек жабдықтарын бірге пайдаланбауды ұсынады. Тән белгілері пайда болғанда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге сапардан кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгініп, медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау қажет.
Бұған дейін Ресейде маймыл шешегінің ықтимал жағдайларына байланысты эпидемиологиялық тергеу басталғаны хабарланған болатын. Бес адам ауруханаға жатқызылды.


