Франция президенті Эммануэль Макронның жанында Елисей сарайының құрметті қарауылының екі сарбазы құлап қалды. Бұл оқиға Словакия президенті Петер Пеллегринидің сапармен келген кезінде болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Le Parisien газетінің жазуынша, оқиға 11 қарашада орын алған. Басылым дерегінше, сарбаздардың бірі теңселіп, қылышын төмен түсіріп, құлап қалған. Ол есінен танып қалған болуы мүмкін деп болжанады.
Макрон мен жанындағы бірнеше адам бірден құлаған қарауылшыға қарай жүгірген. Содан кейін Франция президенті Петер Пеллегриниге сәлем берді.
Алайда көп ұзамай екінші қарауылшы да құлап қалды. Бұл сәт кадрға ілікпегенімен, жазбада оның қылышының құлаған дыбысы естіліп, Макронның әрекеті байқалады.
CBS News телеарнасы болған жайдың кадрларын жариялады: құрметті қарауыл мүшесі сәрсенбі күні Словакия президенті Петер Пеллегрини Париждегі Елисей сарайына сапармен келген кезде есінен танып қалған. Франция президенті Эммануэль Макрон мен аппарат қызметкерлері қарауылшыға жақындап, кейін оны алып кеткен. Сосын Макрон Пеллегриниге сәлем берді. Қарауылшының жағдайы мен есінен тану себебі белгісіз.


