Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бір бөтелке арақты тыйым салынған уақытта сатқан сатушы 120 мың теңгеден астам айыппұл төлеп, лицензиясынан уақытша айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Мұнайлы аудандық соты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200-бабының 3-бөлігі бойынша істі қарады. Бұл бап алкоголь өнімін өткізу жөніндегі заңнама талаптарын бұзуды көздейді.

Сот 2026 жылғы 27 қазанда сағат 22:30 шамасында Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында орналасқан азық-түлік дүкенінің сатушысы сатуға тыйым салынған уақытта сатып алушыға алкоголь өнімін өткізгенін анықтады. Атап айтқанда, көлемі 0,45 литр, қуаты 40 пайыз арақ сатылған.

Сот отырысында сатушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінді.

Сот қаулысымен азамат әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 121 100 теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. Сонымен қатар алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізуге берілген лицензияның қолданысы 9 айға тоқтатылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.