Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылының сегіз отбасы едені опырылып жатқан үйде әлі күнге дейін тұрып жатыр. Олар жаңа баспана беруді сұрап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тұрғындардың айтуынша, ғимараттың едені опырылып, кейбір жерлерде тесік пайда болған. Үйде шамамен 40 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ал инвесторлар жаңа тұрғын үй салуға қызығушылық танытпай отыр.

Өңірде апатты және тозығы жеткен тұрғын үйді жаңартуға бағытталған «Реновация» бағдарламасы басталған. Алайда тұрғындардың айтуынша, дәл осы үй бағдарламаға енбеген.

«Мен бұл үйде енді тұрғым келмейді. Себебі едені барлық жерде опырылып жатыр. Кейбір жерлерде тесік пайда болды. Біз мұнда барлығы сегіз отбасымыз. Бізге тиесілі баспана берілуін талап етемін», — дейді Маңғыстау ауылының тұрғыны Орынбибі Саурбаева.

Маңғыстау ауылының әкімі Асқар Тәжібаев сараптама жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша үй апатты емес, тозығы жеткен деп танылғанын түсіндірді. «Енді біз жақтан инвестор тарту қажет. Ғимарат апатты деп танылмағандықтан, өзге тетік жоқ», — деді ол.