Қазақстан президентінің жарлығымен Марат Ғатауллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін атқарған қызметінен босатылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

ҰҚК сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҚР ҰҚК институтын, ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын бітірген.

Ол «Даңқ» орденінің II дәрежесімен, сондай-ақ мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Марат Ирменов ҚР ҰҚК құрметті қызметкері.

2019 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры деген арнайы атақ берілген.

1996–2000 жылдары ол ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел қызметтерде істеген. 2000–2025 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметтер атқарған. 2025 жылдың қазан айынан бастап ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы қызметінен босатқаны хабарланған.