Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио «Жиырмалар тобы» саммиті аяқталған соң Қазақстанға «жақын арада» келу ниетін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Өзбекстанда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың кездесуі өтті.

Тараптар кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударды. Хабарламада кездесуге қатысушылар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растағаны айтылады.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды, оның ішінде 2025 жылғы қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуі қорытындысы бойынша жасалған келісімдерді іске асыруға ерекше көңіл бөлінгені хабарланды.

Мұхтар Тілеуберді «іскерлік байланыстарды нығайтудың, американдық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың, сондай-ақ энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың» маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар тараптар Майамиде өтетін «Жиырмалар тобы» саммитін дайындау мәселелері бойынша пікір алмасты. Марко Рубио «Жиырмалар тобы» саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматты сапармен келуге мүдделі екенін де растады.