Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған ресейлік теннисші Даниил Медведев Almaty Open турниріне оралуы туралы әсерімен бөлісті. Ол бұл жарыста бірінші нөмірмен себілген және былтыр жеңіп алған чемпиондық титулын қорғап жүр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Турнир шынымен тамаша. Былтыр мұнда алғаш рет келдім. Бұған дейін Астанада ойнағанмын [ATP 500] — жағдай ұқсас, ұйымдастыру да сол деңгейде. Жақсы турнир, ол Еуропаға барар жолда орналасқан. Шанхайда әйелім мен балаларыммен бірге болдым. Мұнда да бірге келдік», — деп келтіреді спортшының сөзін NUR.KZ тілшісі.

Медведев Париж бен Туринде жаңарып өнер көрсету үшін Алматыдағы жарысты неге өткізіп жібермегенін түсіндірді. Оның айтуынша, ондай жағдайда Алматыдан да, Венадан да бас тартуға тура келер еді. «Барлығын ойнауға шешім қабылдадық. Тек Алматыны ғана өткізіп жіберудің еш мәні жоқ еді. Екі турнир де ұнайды, бірақ Алматы ерекше, сондықтан барынша жақсы ойнауға тырысамын», — деді ол.

Ресейлік теннисші Алматыға қайта оралуды ұнататынының үш нақты себебін атады. «Турнирді ұйымдастыру өте жақсы. Жайлы атмосфера. Үшіншісі — былтыр жеңіске жеттім. Бұл кез келген жағдайда корт пен доптың маған сай екенін білдіреді», — деп атап өтті Медведев.

Турнир кестесіндегі бірінші себілген ойыншы жартылай финалда қазақстандық Александр Бубликпен кездесуі мүмкін. Алайда Медведев алдын ала болжам жасамай, матч сайын ілгерілеуді ұсынды. «Онымен бұрыннан бері ойнаған жоқпыз. Жалпы онымен [кортта] сирек кездесеміз. Бірақ бір-бірімізге тек жартылай финалда тап боламыз, ал матч сайын ілгерілеу керек. Әр матч мен үшін де, ол үшін де ауыр сынақ. Егер онымен ойнауға мүмкіндік туса, көрермендер үшін жоғары деңгейдегі тартымды матч болады деп ойлаймын», — деп қорытындылады әлемдік рейтингтің бұрынғы көшбасшысы.

Медведев Almaty Open-те екінші айналымнан бастап, жапондық Со Симабукуромен кездеседі.