Мемлекетке ерекше ірі мөлшерде алаяқтық жасады және ірі мөлшерде жалған медициналық бұйымдарды өндіріп, сатты деп күдіктелген Қазақстан Республикасының азаматы Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Қадағалау органының нақтылауынша, экстрадицияны Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Грузиядағы елшілігінің көмегімен ұйымдастырған. Мақсат — күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті мемлекеттік медициналық мекемелердің медициналық жабдық сатып алу тендерлерінде басымдық алу үшін медициналық техникаға отандық тауар өндіруші мәртебесін алудың заңсыз схемасын ұйымдастырған. Ол үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы жалған мәлімет берілген, ал іс жүзінде өндіріс ұйымдастырылмаған.

Салдарынан шетелдік құрамдас бөліктерден жиналған медициналық техника отандық өнім ретінде мемлекеттік медициналық мекемелерге сатылған. Мемлекетке 4,5 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ағымдағы жылдың наурызында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды. Ведомствоның нақтылауынша, оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.