Мәскеуде Украинаның экс-премьері Николай Азаровтың бұрынғы кеңесшісі Сергей Заворотныйдың көлігін жарып жіберуге күдікті 21 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Бұл туралы Ресей Тергеу комитеті хабарлады, оған сілтеме жасаған РБК ақпаратын infohub.kz сайты таратты.

Тергеу нұсқасы бойынша, қыз алдымен банк қызметкерлеріне ұқсайтын алаяқтардың арбауына түсіп, ірі көлемдегі ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударған. Кейін ол анонимді кураторлардың нұсқауларын орындай бастаған. Соңғы тапсырмасы Сергей Заворотныйдың көлігін жарып жіберу болған. Күдікті жарылғыш құрылғыны көліктің астына орнатты деп болжанып отыр.

Тергеу комитеті ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіруге оқталу белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Айта кетейік, көлік жарылған соң зардап шеккен Заворотный ауыр халде Мәскеудегі ауруханалардың біріне жатқызылды.

Еске салайық, көлік 13 қарашада Мәскеудің Чертаново ауданындағы Кировоградская көшесіндегі тұрғын үйдің жанында жарылған. Кейін ол көлік тарих ғылымдарының кандидаты, Украинаның экс-премьері Николай Азаровтың бұрынғы баспасөз хатшысы, 72 жастағы журналист Сергей Заворотныйға тиесілі екені анықталды.