Америкалық кәсіпкер Илон Маск АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қызметі көптеген адамның өліміне әкелді деп мәлімдеді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі X парақшасында ведомство жұмысы туралы пайдаланушының жазбасына пікір білдіре отырып жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Маск жауап берген жазбада USAID саяси режимдерді ауыстыру құралы ретінде пайдаланылғаны айтылған. «Оның шынайы мақсаты — американдық салық төлеушілердің ақшасын әлем бойынша сайлауға ықпал етуге жұмсау болды», — делінген жазбада. Бұл жазба агенттік құжаттары жарияланған кезде пайда болды.

«USAID режимдерді ауыстыру жөніндегі операциялары салдарынан, әсіресе Украинада, орасан көп адамның өліміне жауапты», — деп жазды Маск жазбаға қалдырған пікірінде.

SpaceX басшысының парақшасында USAID-ке қатысты тағы бір пікір пайда болды. Онда кәсіпкер агенттікті алаяқтыққа айыптады. «USAID алаяқтық ұйым болды. Қандай да бір пайдалы болып көрінгеннің бәрі АҚШ Мемлекеттік департаментінің қарауына берілді», — деді Маск.

Бұған дейін осы ведомствоның құжаттарын — USAID Files деп аталатын құжаттарды жариялау туралы шешім қабылданған. «Бұған дейінгі әкімшіліктер кезінде USAID американдық құндылықтарға түбегейлі қайшы келетін радикалды күн тәртібін ілгерілету құралы ретінде пайдаланылды. Ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету мүддесінде біз осы ведомствоның жұмыс қағидаттарын ашатын құжаттарды, қызметтік жазбаларды және ішкі хат алмасуды жариялап отырмыз», — делінген агенттік сайтында.

Еске салайық, 2025 жылы Ақ үйдің баспасөз қызметі USAID-тің кейбір шығыстары туралы деректерді жариялаған болатын. Сол кезде Илон Маск USAID-ті «өлуі керек» қылмыстық ұйым деп атаған. 2025 жылдың шілдесінде USAID шетелдік көмек бағдарламаларының барлығын ресми түрде тоқтатты. Ал сол жылдың тамызында Марко Рубио агенттіктің ресми түрде жабылғанын жариялады.