Поляр мұз қалқандарының жылдам еруіне байланысты Жердің қатты беті экватор маңында тарылып, полюстерде тегістеле бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Біздің планета бастапқыда экватор тұсында сәл дөңес, екі полюсінен басыңқы шар пішінді. Алайда Салоникидегі Аристотель университетінің геодезия профессоры Кристофер Коцакис мұздықтардың еруі осы бедерді өзгертіп жатқанын анықтады. Зерттеуші ғаламдық навигациялық спутниктік жүйенің деректерін талдап, Жердің қатты беті біртіндеп домалақтанып келе жатқанын байқады.
Бұл үдерістің басты себебі — планета бетіндегі массаның қайта бөлінуі. Полюстердегі мұздың жоғалуы жер қыртысына түсетін қысымды азайтып, сол аймақтардың көтерілуіне әкелді. Ғалымның дерегінше, 2011–2015 жылдары полюстердегі көтерілу жылдамдығы жылына 0,5–1 миллиметр болса, экватор маңындағы тарылу да шамалас қарқынмен жүрген. Еріген су экваторға қарай ағып, керісінше, құрлыққа қосымша қысым түсіреді.
Диаметрі шамамен 12 800 шақырым болатын планета үшін бұл өзгерістер елеусіз көрінгенімен, олардың жылдамдығы онжылдық сайын артып келеді. Ғалымдар бұл үдеріс дәл қатты бетке қатысты екенін атап өтеді: мұхиттарды есепке алсақ, экватор маңындағы су массасы әлі де өсіп келеді. Бұл үдерістің өзі адам өміріне қауіп төндірмейді, бірақ климаттық өзгерістердің планетаның физикалық қасиеттеріне ықпалы қаншалықты зор екенін айқын көрсетеді.


