Мысыр билігі Шотландияның Глазго қаласындағы мұражайларға шамамен төрт мың жылдық тарихы бар ежелгі мысырлық Нехт діни қызметкерінің сүйегін қайтару туралы ресми өтініш жіберді. Бұған адам сүйегін көрмеге қоюдың этикалық мәселесі жөніндегі дау-дамай аясында мумияны ашық экспозициядан алып тастау шешімі себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жақында ғана мумия Келвингроув көркемсурет галереясы мен мұражайында қойылып келген. Алайда қалалық мұражайларды басқаратын Glasgow Life қайырымдылық ұйымы сүйекті қолжетімділігі шектеулі қорға сақтауға көшірді.

Бұл қадамға Халықаралық мұражайлар кеңесінің жаңартылған этикалық нормалары негіз болды. Шотландия галереясының басшылығы сүйекті көрсетуді тоқтатуға марқұмның өзінің немесе оның тікелей ұрпақтарының құжатталған келісімі болмағаны себеп болғанын түсіндірді.

Бұл шешім Шотландияда кең қоғамдық пікірталас тудырды: сыншылар оны абсурд деп атап, мұражайлардың ағартушылық қызметіне нұқсан келтіреді деп мәлімдеді. Скандал өршіген тұста мысырлық билік ежелгі артефактінің отанына қайтарылуы туралы ресми өтініш жіберді.

Глазго мұражайларының өкілдері Каирден келген өтініштің алынғанын растады. Олар қалада тарихи құндылықтарды қайтару туралы осындай талаптарды қараудың нақты жолға қойылған тәртібі бар екенін атап өтіп, белгіленген ережелерді қатаң сақтайтынын уәде етті.