АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) инженерлері перспективалы ұшу аппараттарына арналған роторларды дыбыстан жоғары жылдамдықта сынақтан өткізіп, көтеру күшін 30 пайызға арттырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Марс атмосферасы жер атмосферасынан шамамен жүз есе сирек, сондықтан аппаратты ауаға көтеру үшін қалақтарға асқан жылдамдықпен айналуға тура келеді. Алғашқы марстық Ingenuity тікұшағының миссиясы барысында мамандар оның роторының жылдамдығын шектеп отырды — қалақтардың ұштары дыбыс бөгетіне жақындап, шамадан тыс жүктемеден бүлінбеуі үшін. Қызыл планетада суық ауа мен көмірқышқыл газының жоғары концентрациясына байланысты дыбыс жылдамдығы жердегіден төмен, шамамен сағатына 869 шақырымды құрайды.

Жаңа сынақтар үшін NASA-ның Реактивті қозғалыс зертханасында Марстың сирек атмосферасын имитациялайтын арнайы камера пайдаланылды. Инженерлер AeroVironment компаниясы жасаған үш қалақты және екі қалақты бұрандаларды қарсы жел жағдайында сынады. Қалақтар жүктемеге шыдап, 1,08 Мах жылдамдығына жетті, яғни дыбыс жылдамдығынан 8 пайызға асып түсті.

Осының арқасында көтеру күші 30 пайызға өсті. Жаңа сипаттамалар болашақ марстық тікұшақтарға ауыр ғылыми аспаптарды, датчиктерді және сыйымдылығы жоғары батареяларды бортқа алуға мүмкіндік береді. Алынған деректер SkyFall жобасының негізіне айналды: оның аясында NASA 2028 жылдың желтоқсанында Марсқа осындай үш тікұшақ жіберуді жоспарлап отыр.