Солтүстік Атлантика альянсы бұрын жеке-жеке жүргізілген екі әуе қорғанысы миссиясын бір құрылымға біріктірді. Командалықтың жоспары бойынша, бұл құрылым дрондардың, ұшақтардың және баллистикалық зымырандардың шабуылын барлық бағыттан бір мезгілде қайтара алады. Алайда НАТО-ның әскери басшылығы бұл жоспарларды жүзеге асыруға қосымша күш пен қаржы алған жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
НАТО-ның біріккен әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары, генерал-лейтенант Гийом Томаның айтуынша, 2026 жылы альянс кеңінен жарияламай-ақ әуе кеңістігін дәстүрлі патрульдеуден толыққанды әуе қорғанысына көшті. Бұған дейін миссиялардың бірі авиация мен дрондарға қарсы әрекет етуге, екіншісі баллистикалық зымырандардан қорғауға жауапты болды.
«Енді бізде 360 градусқа айналма қорғанысты қамтамасыз ете алатын бірыңғай миссия бар», — деді генерал.
Қайта құру туралы шешім 2025 жылдың күзінде Польшаның әуе кеңістігіндегі дрондар оқиғасынан кейін қабылданған. Альянс командалықты біріктіріп, қару қолдану ережелерін біріздендірді. Мақсаты — әртүрлі әуе қауіптеріне жауап беруді жылдамдату.
Алайда басылымның атап өтуінше, міндеттердің кеңеюі НАТО-ның әуе командалықтығына қызметкерлер санының артуымен немесе қосымша әскери мүмкіндіктермен қатар жүрген жоқ. Реформаның негізгі нәтижесі әзірге қолда бар күштерді басқару жүйесін жетілдіру болып отыр.
Сонымен қатар Тома жаңа қару-жарақ сатып алу қажеттігін мойындады. Ең алдымен дрондарды қымбат зымырандармен және истребительдермен жою ауыр қаржылық жүктеме тудыратындықтан, оларды ұстауға арзан құралдар керек.
«Біз елдердің қымбаттан қолжетімдіге дейінгі кең ауқымды мүмкіндіктерге ие болуы үшін әлдеқайда көп арзан қару сатып алуын қалар едік», — деді ол.
Генералдың айтуынша, альянсқа заманауи басқару жүйелері, қосымша анықтау құралдары және жерүсті әуе қорғанысы бөлімшелерін, оның ішінде жылжымалы атыс топтары мен тікұшақтарды кеңірек пайдалану қажет. Қазір альянста мұндай мүмкіндіктер жоқ.
Тома ықтимал ауқымды қақтығыс жағдайында «НАТО-ға жекелеген әуе нысандарын емес, жаппай шабуыл толқындарын қайтаруға тура келетінін» ескертті.
Осылайша, альянста ауқымды әуе қорғанысы жүйесіне көшу әзірге негізінен ұйымдастырушылық өзгерістермен қамтамасыз етіліп отырғанын, ал оның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажет қосымша қару-жарақ әлі қолжетімсіз екенін атап өтті.


