Солтүстік Атлантикалық альянс мүше елдерінің біріне Ресей шабуыл жасаған жағдайда қолданылатын іс-қимыл тұжырымдамасын алғаш рет көпшілікке жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлағандай, «Жеңіс теориясы» (Theory of Victory) атты құжатты Варшавадағы қауіпсіздік форумында НАТО-ның Еуропадағы біріккен күштерінің бас қолбасшысы Алексус Гринкевич таныстырды. Оның айтуынша, жоспар «қарсыласты үш кезеңде талқандауды» көздейді.
Бірінші кезең Block («Блоктау») деп аталды: альянс күштері бастапқы шабуылды тоқтатуы тиіс. Егер қарсылас шабуылын жалғастырса, НАТО екінші кезеңге — Blunt («Соққыны әлсірету») көшеді, оның міндеті — шабуылдаушы әскерлердің әрі қарай ілгерілеу мүмкіндігін айыру.
Үшінші кезең — Break («Талқандау») — тек шабуылдаушы бөлімшелерді ғана емес, олардың әрекетін қамтамасыз ететін бүкіл әскери жүйені жоюды көздейді. Ол үшін альянс жабдықтау жолдарын кесіп тастауды, басқару жүйелерін істен шығаруды және шабуылдаушы әскерлерді ұрыс қабілетінен айыруды жоспарлап отыр. Басылым альянс жоспарын Гринкевичтің сөздеріне сілтеме жасап дәл осылай сипаттады.
Айта кетейік, НАТО бұл тұжырымдаманы бірнеше жылдан бері әзірлеп келеді, алайда соңғы оқиғаларды ескере отырып, альянс басшылығы оны алғаш рет көпшілікке ұсынуға шешім қабылдады.
Бұған дейін БАҚ НАТО Ресейдің ықтимал шабуылын дрондар мен жасанды интеллект арқылы тойтару жоспарын әзірлеп жатқанын жазған болатын. Бұл ақпарат шыққаннан кейін жағдайды Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров түсіндірді.


