Комедияші Нұрлан Сабуровтың өкілінен Ресейге кіруге қойылған тыйымды алып тастауға көмектескені үшін 100 миллион рубль — шамамен 545 миллион теңге — талап етілді. infohub.kz сайты хабарлағандай, бұл ұсыныс туралы артистің менеджеріне белгісіз біреу хабарласқаннан кейін белгілі болды.

NUR.KZ сілтеме жасаған SHOT деректеріне қарағанда, қоңырау шалған адам үлкен сома үшін билікпен келісіп, әзілкештің тегін арнайы тізімнен алып тастауға қабілетті деп мәлімдеген. Ол мәселені шешіп, Сабуровтың тегі тиісті тізімнен шығады деп уәде еткен.

Әзілкештің өкілі мұндай ұсыныс алған соң дереу полицияға жүгінді.

Бұған дейін Нұрлан Сабуровқа Ресейде 2029 жылға дейін бизнес ашуға тыйым салынғаны хабарланған.

Еске салайық, 6 ақпанда қазақстандық әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны белгілі болды. Ол Дубайдан ұшып келген Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталғаны хабарланған.

Ахуалды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі түсіндірді. Ведомствода артист немесе оның заңды өкілдері Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігіне жүгінбегенін айтты. 7 ақпанда Нұрлан Сабуров Алматыға ұшып кетті.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәжіліс кулуарларында Сабуров төңірегіндегі ахуал туралы пікір білдірді. Ал Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Нұрлан Сабуров оларға көмек сұрап жүгінбегенін мәлімдеді.

Көп ұзамай Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеру іс-шараларын жүргізіп жатқаны белгілі болды. Бұған оның ресейлік жеке әскери компанияның жалдамалы жауынгерлерін қаржыландыруға қатысы бар деген ақпараттың желіде таралуы себеп болған. Бұл мәселе жөнінде бұған дейін Бас прокуратура пікір білдірген.