Nvidia компаниясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангтың президент, бас директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерінен кеткенін хабарлады. Шешім бірден күшіне енді, деп жазады infohub.kz сайты.
Кадрлық өзгерістер туралы тиісті мәлімдеме Nvidia-ның ресми сайтында жарияланды. Құжатта атап өтілгендей, уақытша бас директор міндетін атқаруға компанияның қазіргі атқарушы вице-президенті және қаржы директоры Колетт Кресс келісім берді. Ол тұрақты мұрагер тағайындалғанға дейін осы қызметтерді уақытша бас директор міндеттерімен қатар атқара береді.
Компанияда қосымша айтылғандай, директорлар кеңесі тұрақты бас директорды іздестіруді бастап қойды және ішкі де, сыртқы да кандидаттарды қарастырады.
«NVIDIA-ның күші әрдайым оның қызметкерлерінде болды. Басшылар тобымызбен бірге мен Дженсен соңғы 33 жылда қалаған орасан зор іргетасты одан әрі дамытуға барымды саламын», — деді Колетт Кресс.
Сонымен қатар директорлар кеңесі Харви К. Джонсты тарихта тұңғыш рет директорлар кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Джонс 30 жылдан астам уақыт кәсіпкер, технология саласының басшысы және белсенді венчурлік инвестор болып келе жатқаны, оның ішінде Synopsys компаниясының бас директоры және директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметтерін атқарғаны атап өтіледі.
«Дженсеннің NVIDIA-ға қосқан үлесі орасан зор. NVIDIA — әлемдегі ең маңызды технологиялық компаниялардың бірі. Директорлар кеңесі мен компания Дженсенге компания мен салаға сіңірген баға жетпес еңбегі үшін алғыс айтады», — делінген компания мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін NVIDIA бас директоры Дженсен Хуанг қытай тыңшысы болуы мүмкін әйелмен байланысы бар екенін мойындаған. Қызметкерлерге жазған хатында ол әйеліне опасыздық жасағанын мойындаған. Кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі қытай тыңшысы туралы деректерді жала деп атады. Содан соң АҚШ президенті Дональд Трамп Хуангты жақтап, кәсіпкер сүйіктісінің барлаумен ықтимал байланысы туралы білмегеніне сенетінін мәлімдеді.
Бүгін Дженсен Хуангты тағы бір әйелмен — өзінің қарамағындағы Кимберли Пауэллмен некеден тыс байланыста болды деп күдіктенгені белгілі болды. Сонымен қатар дереккөздер Хуангты қытай тыңшысы болуы мүмкін әйелмен романы үшін жұмыстан шығаруы мүмкін екенін хабарлады.


