Нью-Йоркте үш қабатты ғимарат құлап, кемінде екі адам қаза тапты, тағы 17-ден астам адам жарақат алды деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ғимарат Бруклиндегі ашық құрылыс алаңына қарай опырылып түсті. Оқиға орнында 250-ден астам құтқарушы жұмыс істеп, қиранды астында қалуы мүмкін адамдарды іздеуге кірісті.

Бірнеше сағаттан кейін әуеден түсірілген бейнежазбада өрт сөндірушілердің шаңға батқан бір адамды носилкамен қирандыдан алып шыққаны көрінді. Жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні сағат 16:00 шамасында (Гринвич бойынша 21:00) болған кенет құлаудың себебі әзірге анықталған жоқ.

Нью-Йорк қалалық өрт сөндіру департаментінің (FDNY) басшысы Лилиан Бонсиньор құтқару жұмыстарын «аса қауіпті» деп сипаттады. Оның айтуынша, құлаған ғимаратта да, құрылыс алаңында да адамдар қамалып қалған.

«Қызметкерлер тәртіппен жұмыс істеп жатыр, түстен кейін келген сәттен бастап тоқтаған жоқ», — деді Бонсиньор.

Бруклиндегі Флэтбуш даңғылында орналасқан ғимараттың кейбір суреттерінде оның бір жақ қабырғасы толық құлап, жатын бөлмелер мен киім шкафтары ашылып қалғаны көрінеді. Қиранды арасында сынған бетон мен майысқан металл, тұрмыстық заттар мен киімдер жатыр.

Нью-Йорк қаласының әкімі Зохран Мамдани оқиға орнына келген жедел қызмет өкілдерінің қасында болып, олардың жылдам әрекетін жоғары бағалады. Кейін ол X әлеуметтік желісінде олар «бір минуттан аз уақытта жетіп, нью-йорктықтарды құтқару үшін қауіпті әрі техникалық тұрғыдан күрделі жағдайда сағаттап жұмыс істегенін» жазды.

Би-би-сидің америкалық серіктесі Си-би-эс ньюстің мәліметінше, Бруклиндегі бұл ғимарат 1930 жылы салынған.