Ойын-сауық секторы әлемдік брендтер рейтингінде ең қымбат салалар арасында екінші орынға көтеріліп, автокөлік индустриясын ығыстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Interbrand консалтингтік агенттігінің Best Global Brands жаңа есебіне сәйкес, ойын-сауық секторының жиынтық құны 332 миллиард долларға жетті. Технологиялық компаниялар әлемдік деңгейде бірінші орында тұр. Әлемнің жүз жетекші брендінің жалпы құны бір жылда 8,1%-ға өсіп, 3,86 триллион доллардан асты.

Медиа және ойын-сауық индустриясындағы өсудің негізгі қозғаушы күші стримингтік және цифрлық сервистер болды. YouTube, Netflix және Spotify платформалары өз брендтерінің құнын айтарлықтай арттырып, сегменттің қаржылық көшбасшылығын нығайтты.

Ал автокөлік секторы, керісінше, соңғы уақыттағы ең үлкен құлдырауды бастан кешірді. Жапондық Toyota маркасының құны шамамен 20%-ға төмендеді, ал Tesla бренді капитализациясының шамамен 38%-ын жоғалтып, бірден 25 орынға түсіп кетті.

Interbrand сарапшылары компанияларға нарықтағы орнын сақтап қалу үшін бұрынғы бедел жеткіліксіз екенін атап өтті. Бүгінде ең үлкен табысқа негізгі бизнес шеңберінен шығып, экожүйелерді дамытуға белсенді инвестиция салатын және аудиторияның өзгермелі сұраныстарына тез бейімделетін брендтер қол жеткізуде.