Оқудан бос уақыттағы қосымша жұмыс қазақстандық жасөспірімдер үшін алғашқы жеке ақшасын табудың жолы ғана емес, айтарлықтай табыс көзіне айналды: жұмыс берушілер оларға орта есеппен 100–380 мың теңге жалақы ұсынады. Толығырақ NUR.KZ журналистері анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Балалар әдетте алғашқы жеке ақшасын ата-анасынан алады. Алайда көбісі жасөспірім кезінде-ақ өзіне қосымша жұмыс тауып жүр. Freedom Life КСЖ мамандары жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуы туралы зерттеу жүргізіп, оқушылардың қалай және қанша табатынын, ол үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін және қандай қаржылық тәуекелдерге тап болатынын анықтады.

Айта кету керек, Қазақстанда еңбек шартын жалпы ереже бойынша 16 жастан бастап жасасуға болады. Алайда заңнамада ерекшеліктер де қарастырылған: 15 жастан — негізгі орта немесе жалпы орта білім алғаннан кейін; 14 жастан — оқудан бос уақытта денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқуға кедергі жасамайтын жеңіл жұмысты орындау үшін; 14 жасқа дейін — кинематография ұйымдарында, театрларда, концерттік ұйымдарда және цирктерде шығармаларды жасауға немесе орындауға қатысу үшін.

Жасөспірімдер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы мен орындалатын жұмыс түрлеріне де шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, оларға ауыр жұмысқа, зиянды немесе қауіпті жағдайдағы жұмысқа және денсаулыққа немесе адамгершілік дамуына зиян келтіруі мүмкін өзге де кәсіптерге тартылуға тыйым салынған.

Қазақстанда оқушылар сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру салаларында қосымша жұмыс таба алады. Аналитиктер атап өткендей, ұсынылатын жалақы лауазымға байланысты және айына 85 мыңнан 380 мың теңгеге дейін болуы мүмкін.

Мысалы, гардеробшы лауазымына арналған бос орындарда жалақы 85–130 мың теңге шамасында. Тазалаушыларға 90 мың теңгеден, ал тәрбиеші көмекшілеріне 100–160 мың теңге шамасында ұсынылады.

Неғұрлым жоғары жалақыны даяшыларға — 100–300 мың теңге, сондай-ақ сатушы-кассирлерге — 100–380 мың теңге ұсынады. Сатушы-кеңесшілер мен курьерлердің жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Пошташыларға 130 мың теңгеден ұсынылады.

Жасөспірімдер жарнамалық түсірілімдерге қатысып, кино және модельдік жобаларда да табыс таба алады. Ашық хабарландыруларда музыкалық клип түсірілімі үшін 15 мың теңгеден бастап, жарнамалық ауысым үшін 40–70 мың теңгеге дейінгі біржолғы қалақылар кездеседі.

Сондай-ақ оқушылар қысқа бейнелерді монтаждаумен және әлеуметтік желілерді жүргізумен айналыса алады. Кейбір бос орындарда қарапайым бейне монтажы үшін айына шамамен 50 мың теңге, ал SMM (әлеуметтік желілердегі маркетинг) үшін шамамен 100 мың теңге ұсынылады. Алайда мұндай ұсыныстардың барлығы кәмелетке толмағандарға қолжетімді емес.

Сонымен қатар қосымша жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтарға, әсіресе интернетте, сақ болған жөн, өйткені адал жұмыс берушінің орнына алаяққа тап болу қаупі әрдайым бар.

Ересектеу жасөспірімдерге келетін болсақ, оларға жалақысы жоғарырақ лауазымдар қолжетімді. Бұған дейін біз 16–24 жас аралығындағы қызметкерлердің орташа жалақысы 256 мыңнан 380 мың теңгеге дейін өзгеретінін, бірақ бәрі қызмет саласына байланысты екенін айтқанбыз.