Сеулдің оңтүстігіндегі Соннам қаласында таңертең жаппай жол-көлік оқиғасы болды: автобус 32 көлікті соғып кетіп, салдарынан 48 адам зардап шекті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға таңғы асығыс уақытта болған. Автобус жолда тұрған 30-дан астам көлікке соғылды. Жергілікті биліктің дерегінше, 48 адам жарақат алған.

«Шамамен 60 жастағы ер адам басқарған автобус тағы төрт автобуспен, бір жүк көлігімен және 27 жеңіл көлікпен соқтығысып, соңында жол қоршауына соғылып тоқтады. Оқиға таңғы 7:34-те болды», — делінген хабарламада.

Соқтығысу салдарынан 48 адам зардап шегіп, оның алтауы ауыр жарақат алды. Зардап шеккендердің өміріне қауіп жоқ екені атап өтілді.

Тексеру автобус жүргізушісінің мас болмағанын көрсетті. Жүргізушінің айтуынша, автобустың тежегіші істен шыққан. Қазір полицейлер апаттың нақты себебін анықтап жатыр.