Орал тұрғындары теміржол вокзалы маңындағы қоқыс үйінділерінен кеміргіштердің көбеюіне алаңдаулы. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар кең резонанс тудырып, қала әкімдігі жағдайға түсініктеме беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қала тұрғындарының айтуынша, қоқыс мәселесі бойынша бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК), полицияның учаскелік инспекторлары және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі шара қолданбай отыр.
«Мұнда жақын жерде балалар алаңшасы бар. Иттер осында ет қалдықтарын, сүйектерді жеп жүр. Осыдан кеміргіштер де пайда болады. Жалпы, тұрғындар қалада кеміргіштер көбейіп кеткенін айтып отыр. Шұғыл шара қолданбаса, олар ауру да таратуы мүмкін», — деді белсенді Алмагүл Иксанова.
Орал әкімдігі қазір табиғатты қорғау полициясымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Нақты мекенжай анықталған соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі аумақты тазалауды ұйымдастырады.
«Қала аумағындағы қоқыс алаңдарын тазалау жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі және басқа да уәкілетті мекемелер кеміргіштерді жою шараларын қарастырып жатыр», — делінген ведомство мәлімдемесінде.
Оралға жақын орналасқан Бәйтерек ауданының Мичуринское ауылында да осындай жағдай қалыптасқан. Жергілікті тұрғындар Комсомольская және Придорожная көшелерінде тұрмыстық қалдықтардың үлкен үйінділері пайда болып, олардан кеміргіштер шыққанын айтады. Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдік мәселені шешуге шара қолданбай отырғанын да алға тартады.
Бәйтерек ауданының әкімдігі қоқыстың тұрғындар тастаған қалдықтардың көптігінен жиналып қалғанын түсіндірді. Ведомство үлкен көлемдегі қоқысты шығаруға келісімшарт жасалғанын атап өтті. Жиналып қалған қалдықтарды бір-екі күн ішінде шығару жоспарлануда. Сондай-ақ әкімдік қоқыс жалпы алғанда жиналған сайын шығарылып отыратынын атап өтті.


