Оралдағы №2 сот кәмелетке толмаған баланың анасының жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісін қарап, 10 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, іс материалдарына сәйкес «КамАЗ» көлігі баланы қағып кеткен. Жол апаты салдарынан ол ауыр жарақат алып, бірінші топтағы мүгедектік белгіленген. Қазіргі таңда оның өз бетінше қозғалу мүмкіндігі шектеулі.
Сот қауіптілігі жоғары көз ретінде танылатын көлік құралының иесі балаға келтірілген моральдық зиянды өтеуге міндетті деп анықтады.
Талапкер моральдық зиян өтемақысы ретінде 60 млн теңге өндіруді сұраған. Сот адамгершілік азап шегуді, оның жол апатымен себеп-салдарлық байланысын, сондай-ақ бала денсаулығына тиген зардаптың ауырлығын және ұзақ емделу қажеттігін ескеріп, өтемақы мөлшерін 10 млн теңге деп белгіледі.
Сонымен қатар материалдық шығынды өндіру туралы талап қанағаттандырылмады, өйткені мәлімделген материалдық шығыстар сақтандыру төлемі шегінде өтелген.
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, жауапкерден талапкердің пайдасына моральдық зиян өтемақысы ретінде 10 млн теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


