Оралда сот әкенің кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерін анықтау және онымен қарым-қатынас тәртібін белгілеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, тараптар арасындағы неке бұрын бұзылған, ал ортақ кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жері сот шешімімен анасымен бірге анықталған. 2019 жылы туған бала үш айлығынан бастап анасының қолында тұрып, тәрбиеленіп келеді.
Талап қоюшы сотқа жүгініп, жауапкердің ұлымен араласуына кедергі келтіретінін және әкенің келісімінсіз баланы Қазақстан Республикасының шегінен тысқа шығарғанын алға тартқан. Осыған байланысты ол баланың тұрғылықты жерін өзімен бірге анықтауды сұраған.
Сот талқылауы барысында ананың баласымен бірге оқу визасы бойынша оқуына байланысты Қазақстаннан тыс жерде уақытша тұрып жатқаны анықталды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қажетті құжаттар болған және шығуға белгіленген шектеулер жоқ кезде мемлекеттік шекарадан өтуден бас тартуға заңды негіз жоқ екенін растады.
Сонымен қатар 2020 жылы қорғаншылық және қамқоршылық органы әкенің, сондай-ақ әже мен апаның баламен қарым-қатынас тәртібін белгілеген. Алайда кестеде көзделген кездесулер талап қоюшының және оның туыстарының бастамасымен іс жүзінде өткізілмеген.
Сот ананың әкенің баламен араласуына кедергі келтірмегенін, кездесу күндері мен уақытын келісуді ұсынғанын, бейнеқоңырауларға келісім бергенін, ұлының денсаулығы мен оқуы туралы ақпарат беріп отырғанын анықтады.
Істі қарау барысында баланың психологиялық жай-күйі, оқуы және тұрмыс жағдайы туралы мәліметтер де зерделенді. Ұсынылған мінездемелерге сәйкес, кәмелетке толмаған бала оқуда табысты, мектеп өміріне белсенді қатысады және өзіне үйреншікті әлеуметтік ортада жақсы бейімделген. Анасы ұлын тәрбиелеу мен оқытуға белсенді атсалысып, оның тұруы мен дамуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп отыр.
Ал психологтың қорытындысы баланың әкесімен бейнеқоңырау кезінде эмоционалдық жайсыздық сезінетінін көрсеткен.
Қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі де кәмелетке толмаған баланың анасымен бірге тұруы оның мүддесіне сай деген тұжырымға келді.
Дәлелдемелерді жиынтығында бағалай отырып және баланың ең үздік мүддесінің басымдығы қағидатын басшылыққа ала отырып, сот ана тарапынан құқықты теріс пайдалану немесе кәмелетке толмаған баланың құқықтарын бұзу фактілерін анықтаған жоқ.
Баланың тұрғылықты жерін әкесімен бірге анықтау туралы талап қанағаттандырудан бас тартылды.
Сонымен бірге қарым-қатынас тәртібін белгілеу туралы талап ішінара қанағаттандырылды. Баланың психоэмоционалдық жай-күйін ескере отырып, сот әкенің ұлымен онлайн-қарым-қатынас тәртібін айына бірінші және үшінші сенбіде, ұзақтығы 15-20 минут етіп белгіледі.
Шешім қабылдау кезінде сот ана мен баланың Қазақстаннан тыс жерде болуы уақытша сипатта екенін, ал оқуы аяқталған соң ананың отанына оралмақ ниетін ескерді.
Сот шешімі ата-ананың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін сақтай отырып, кәмелетке толмаған баланың ең үздік мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот шешімі заңды күшіне енді.


